Проект жайлы
Бағдарлама Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы саласындағы заңнамалық нормалардың терминологиясын жүйелеу және нақтылау мақсатында әзірленген. Ол қолданыстағы қылмыстық заңнаманы жан-жақты ғылыми талдау, лингвистикалық мониторинг жүргізу, қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің арасындағы сәйкессіздіктерді анықтау және түзету, сондай-ақ қылмыстық құқық пен заңнама саласында қазақ тілінде бірыңғай заң терминологиясын әзірлеуді көздейді. Түркі елдерінің (Түркия Республикасы) заң мәтіндерінің аутенттілігін қамтамасыз ету тәжірибесін енгізе отырып, Қазақстанның қылмыстық құқығы саласындағы заң терминдерінің түсіндірме сөздігін жасау арқылы бағдарлама заң мәтіндерінің нақтылығы мен дәлдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл еліміздің құқықтық базасын нығайтуға, барлық азаматтарға заңдарды толық түсінікті әрі қолжетімді етуге, сондай-ақ ұлттық стратегиялық құжаттарда көрсетілген әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді.
Бағдарламаның мақсаты — Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасын қазақ және орыс тілдеріндегі заң мәтіндерінің аутенттілігі мен құқықтық терминологияның бірізділігі тұрғысынан зерделеу.
Бағдарламаны іске асыру қазақ тілінде қылмыстық құқық саласындағы заң ғылымын дамытуға, жаңа ғылыми білімнің артуына әкеледі.
Сондай-ақ, бұл бағдарлама заң шығару үдерісін біртіндеп мемлекеттік тілге көшірудің бастамасы болады.
Қазақ тіліндегі бірыңғай құқықтық терминологияны қалыптастыру арқылы қазақ тілінде заң жазу процесінің ілгерілеуіне жол ашады.
Бұдан бөлек, бағдарлама мемлекеттік тілді қылмыстық құқық саласында кеңінен әрі дұрыс пайдалануға ықпал етеді (заң шығару, сот жүйесі, прокуратура, адвокатура, құқық қорғау органдары және заңгерлік білім беру салаларында).
Бағдарлама нәтижелерінің мақсатты тұтынушылары — құқық саласындағы сарапшылар қауымдастығы және еліміздің қазақтілді халқы.
Бағдарламаның әлеуметтік әсері — азаматтардың құқықтық санасын арттырып, түсінікті әрі оқуға жеңіл қазақ тіліндегі заңдарға қол жеткізу арқылы наразылық көңіл-күйін төмендету.
Мемлекеттік тілдегі заңдардағы қателерді түзету, қазақ тілінде бірыңғай құқықтық терминологияны қалыптастыру және мемлекеттік тілді құқықтық жүйеде кеңінен қолдану — ана тілінде түсінікті заңдарға, әділдікке және заңгерлік қызметтерге қол жеткізе алмай жүрген қазақтілді азаматтар үшін әлеуметтік әділеттілікті орнату болып табылады.